ТІГІН ЦЕХЫ – ТІРШІЛІК КӨЗІ
Ән мен жырға төрін берген өңір тігіншілік өнерден де кенде емес. Аралда тігінді нәсіп етіп, жұртқа да жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер бар. Соның бірі – Индира Жұмашова. Қазіргі таңда он адамды жұмыспен қамтыған іскер жанның қолынан келмейтіні жоқ.
«Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС арқылы үш миллион теңге несие иеленіп, Арал қаласынан жеке кәсіпкерлігін ашқан, өз қаражатына жер алып, ғимарат тұрғызған Индираның еңбегі кім-кімге де үлгі. Осынау тігін цехында перделер, қыздың жасауы, киім-кешек, басқа да әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар тігіледі. Тапсырыстар қабылдайды.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» демекші, кәсіпкердің басты демеушісі жары – Ғабиден Жұмашев. Әрдайым талабын қолдап, кәсібін жандандыруға қол ұшын созатын отағасына жарының да айтар алғысы шексіз. Индираның тігін цехы алдағы уақытта түйе жүнінен өнімдер шығаруды да жоспарлап отыр.
Нұрболат Нұржаубай (сурет).