АТА-АНАЛАР ҰБТ-НЫ ОНЛАЙН-РЕЖІМДЕ КӨРЕ АЛАДЫ
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесіндегі жаңашылдықтар жайында баяндап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атап айтқанда, енді ҰБТ-ның өту барысын онлайн-режімде көруге болады. Бұл ата-аналарға сынақ өтетін орындарға бармастан, үйден қарап отыруға мүмкіндік береді. «Осы жылы біз ҰБТ-ны онлайн трансляциялауды іске қостық, соның арқасында ЖОО-лар алдында жиналған ата-аналардың саны айтарлықтай азайды. Біз тестілеу картасын Қазақстан бойынша іске қостық, сілтемесі жасалды. Енді тестілеу үдерісін еліміздің кез келген нүктесінен байқауға болады.
Мәселен, Астанада жүріп, ОҚО-да тестілеу қалай жүріп жатқанын көру мүмкіндігі бар»,-деді Әлімқұлов. Сонымен қатар мобильді байланысты бұғаттағыштар 3G-ден 4G-ге ауыстырылды. «Менің ойымша, бұл қадам да маңызды, себебі технологияның дамуы мүмкіндігін де ескеруіміз керек. Сондықтан қауіпсіздік шаралары толықтай қамтамасыз етілді. Биыл студент атану үшін 92 мыңнан астам талапкер бақтарын сынамақ. «Жалпы алғанда, Қазақстан бойынша 92 826 талапкер бар. Қазіргі кезеңде талапкерлер қайда түсетіндігін таңдап жатқан жоқ, олар бірінші кезекте, тестілеуден өтуде. Тамызға қарай олар оқитын жерлерін таңдай бастайды. ҰБТ-ға алып кіруге рұқсат етілген заттардың тізбесін қамтитын жыл сайынғы нұсқаулық бар, яғни оның ішінде ауыз су, шоколад және қалам ескерілген. Бүгін еліміз бойынша 16 мыңға жуық талапкер 42 пунктте ҰБТ тапсырып жатыр»,-деді орталық басшысы.