ТЕҢІЗДІ ӨҢІРДЕГІ ТАБЫСТЫ ӨНДІРІС ОРНЫ
Жуырда аймақтық БАҚ өкілдері Арал ауданына пресс-тур жасап, онда журналистер теңізді аймақта орналасқан өндіріс орындарын аралады. Олардың арасында «Аралтұл» АҚ, «Камбала балық» ЖШС және «Жұмашева» ЖК бар.
Журналистер әуелі Жақсықылыш елді мекеніндегі «Аралтұз» зауытында болды.Тұз қазу мен оны өңдеу бойынша республикада алдыңғы лекте тұрған кәсіпорында еңбек өнімділігі қарбаластығын зауыт жұмысшыларының қызу қимылынан аңғардық.
Тоқсан жылдан астам тарихы бар «Аралтұз» АҚ еліміздегі йодталған ас тұзының негізгі өндірушісі саналады. Жаңа ғасыр басталған тұста зауыт тарихында бірінші рет қайта құру жұмыстары жүргізілген екен. Оған қоса, өндіріске «тұзды екінші рет байыту» технологиясы енгізіліпті.
Инвесторлар тарту ұжымға жаңа серпін әкелетіні белгілі жайт. Мұнан бес жыл бұрын «Аралтұз» АҚ-ға жаңа инвестордың келуімен көптеген игілікті іс қолға алыныпты.
Нәтижесінде «ас және техникалық тұз өндірісін ұлғайту» жобасы іске қосылған. Аталған жобаға 2,5 миллиард теңгенің үстінде инвестиция салынғанын айта кеткен жөн. Сол қыруар қаражатқа тұз өндіруге арналған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар алыныпты. Қуаныштысы – жаңа зауытты іске қосу арқылы өнімділіктің көлемі 1,7 есеге ұлғайып, ішкі нарықтағы үлесі тоқсан пайызға жеткен. Баршасы тынымсыз еңбектің жемісі екендігі және рас.
Сапар барысында 1200 адам еңбек ететін ірі кәсіпорынның вице-президенті Нағашыбай Әуесхановпен тілдесудің сәті түсті.
– Алдағы уақытта кәсіпорын химия өнеркәсібін дамыту мақсатында кальцийлендірілген сода және кір жуғыш ұнтақ шығару жобаларын іске қосуды жоспарлап отыр. Жақсықылыш тұрғындарының түгелге жуығын жұмыспен қамтыдық. Тіпті аудан көлеміндегі өзге елді мекеннен де келгендер баршылық. Жалақыларын уақытылы алып тұр.Бүгінгі таңда тұздың сатылу ауқымы да көбейіп жатыр. Өнімдерімізді Ресей мен Қырғызстанға жөнелтудеміз, – дейді «Аралтұз» АҚ-ның вице президенті.