«АЙБЫН» КОМАНДАСЫ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Қарағанды қаласы «Спасск» оқу-орталығында ағымдағы жылдың 12-17 маусым аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығына орай дәстүрлі түрде ІІІ мәрте ұйымдастырылған «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының қортындысы өз мәресіне жетті.
Жастардың бойында жігерлік пен ептілікті анықтайтын намысты додада Сыр өңірінің «Айбын» тобы 16 облыстың ішінен 6-шы орынға ие болып, 16 кезеңнен құралған сайыста барлығы 4 кубок, 6 алтын, 1 күміс, 1 қола алды.
Топтық сайыста, жалпы есеппен кросс, газтұмылдырығын кию, арқан тарту, роботты техника бойынша біздің команда озық тұрды.
Сайыста жекелеген түрінде топ басшысы Нұрбол Қонысбеков газтұмылдырығын кию бойынша, 2-ші орынды алып, күміс медаль иегері атанды.
Қазалы ауданының оқушысы Рейнат Оңдасын АК-74 автоматын 1 минут 23 секунд ішінде шашып-құрастырып, жоғары дәрежеде балл жинап, медаль алды.
Газтұмылдырығын кию және әскерилендірілген кросс бойынша Қармақшы ауданының оқушысы Сымбат Әзілханова жүлделі медаль иегері атанды.
Сонымен қатар, қызылордалық «Айбын» командасын жеңісімен құттықтауға арнайы елордамыз Астана қаласынан генерал-майор Ә. Ерниязов және әскери өмірдің баспалдақтарын бірге аттаған ДОСы, Ауған соғысының ардагері полковник Ахмет Жайлыбаевпен бірге келді.
Ауған соғысының ардагері, генерал- майор Әлімжан Қанағатұлы: Қазақстанның қай бұрышында жүрсем де, туған жерім Сыр еліне әрдайым жанкүйер болып жүремін. Сіздердің жеңіс тұғырынан көрінгендеріңіз мен үшін үлкен мақтаныш, асқақ абырой! Отанымыздың патриоттары ретінде, әрдайым татулықпен бірлікте болыңыздар − деген лебізін білдіріп, оқушыларға әкелген сыйлықтарын таратты.