ЕУРОПАЛЫҚ КИНО ФЕСТИВАЛІ: “ЗАВТРА МОРЕ” ФИЛЬМІНІҢ КӨРСЕТІЛІМІ ӨТТІ
Еуропа күнін атап өту шеңберінде Еуропалық кино фестивалінің қорытынды күні "Завтра море” фильмінің көрсетілімі, сонымен қатар, фильм авторының көрермендермен кездесуі өтті. Шараға фильм режиссері Катерина Суворова және Қазақстандағы Германия Елшілігі Басшысының орынбасары Джонни Крамер мырза қатысты.
Қазақстан мен Германия бірігіп түсірген "Завтра море" деректі фильмі - неміс Роберт Бош Қоры грантының жүлдегері. Фильмнің тұсаукесері 2016 жылдың тамызында Локарно қаласындағы кинофестивальде өтті. «Завтра море» - авторлық толықметражды фильм. Ол Арал теңізінің бұрынғы жағалауларындағы қазіргі тұрғындардың өмірі туралы төрт оқиғаға негізделген.
Режиссер фильмнің түсірілу тарихымен бөлісіп: "Завтра море” – өте ұзақ хикая, әрі, бірінші кезекте, адамдар туралы хикая. Аралға бірінші рет келгенде, көргенімнің барлығына таңқалдым. Мен ол кезде әлі студент едім, уайым-қайғысыз ата-анаммен тұратынмын, барлығы да жақсы еді. Содан, бір мезетте, осы жерге, өмір адамдар үшін еңсерілмес қиындыққа айналған мекенге тап болдым. Осының барлығы маған үлкен әсер етті, таңқалдырды, мен Қазақстанда дәл осындай әсерлі ештеңе көрмеген болармын деп ойладым. Мен түсінбеген жайттар жетерлік еді, бірақ, соған қарамастан, мен барлығына құрметпен қарай бастадым. Осы туралы міндетті түрде баршаға айтып бергім келді», - деп атап өтті.
Катерина Суворова – қазақстандық режиссер-документалист. Ол Көркемөнер колледжін, Жоғарғы режиссерлік курстарын тамамдаған және бірнеше қысқаметражды фильм түсіріп, халықаралық кинофестивальдерде бірқатар сыйлықтарға ие болған («Киношок» фестивалінде Ресей Киносыншылары Гильдиясының сыйлығы, «Святая Анна» Ұлттық сыйлығы, Роберт Бош қорының Арнайы сыйлығы және т.б.).
14-16 маусым аралығында Астанада Қазақстандағы Еуропа күнін атап өту шеңберінде Еуропалық кино фестивалі өтіп жатыр. Биыл көрермендерге Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің үздік кинофильмдері ұсынылған. Фестиваль бағдарламасына Чехия, Австрия, Швеция, Эстония, Испания, Словения, Германия, Франция, Нидерланды, Литва, Румыния, Словакия және Латвия түсірген 13 фильм кірді.
syrboyi.kz