МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН МАРАФОН
Қазақстан полициясының 25 жылдығына байланысты Қызылордада облыстық ішкі істер департаменті, қалалық ішкі істер басқармасы және жергілікті полиция қызметінің 250 маманы марафонға қатысты.
«Сыр ана» монументінен бастау алып, «Еуразия» спорт кешенінде тұйықталған марафонда ішкі істер басқармасы криминалды полиция бөлімінің қызметкері, полиция сержанты Ербол Смағұлов мәреге басқалардан бұрын жетті.
Екінші орын жүлдесі қалалық ішкі істер басқармасының штаб-бөлімі инспекторы Нұрдәулет Пазылбекұлына бұйырды.
Үшінші орын тұғырынан көрінген Бердібек Жақыпов та қалалық ішкі істер басқармасының техникалық бөолімінде инженер қызметін атқарады.
Ұйымдастырушылар түрлі номинациялар бойынша да жүлделер дайындапты. Соның бірі – «Жеңіске деген ынтасы үшін» аталымын ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының қызметкері, полиция майоры Гүлнар Дүйсенова иеленді. Сондай-ақ марафонға қатысушылар арасындағы жасы үлкен номинациясы тергеу басқармасының қызметкері, полиция полковнигі Айдарбек Маншариповқа табысталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтар мен грамоталарға ие болды.