ҚАРЛЫҒАШ КӨРМЕГЕ КӘДЕСЫЙ ДАЙЫНДАДЫ
Қазіргі таңда әрбір жанның заман ағымына қарай бейімделгені, қарым-қабілетін игілікке жаратып жүргені анық аңғарылады. Себебі, бірі жеке көлігімен тасымал қызметін ұсынса, келесісі шағын өндіріс орнын ашуымен көпшілікке танылуда, енді бірі тігіншілік, тері өңдеу секілді атакәсіпке ден қойып келеді. Оның ішінде атамекенге туын тіккен, қарапайым ісімен отандық өндірісті өрге бастыруға үлес қосып жүрген оралман ағайындардың қадамы мен талабы құптарлық.
Қолы алтын шебер Қарлығаш Ілиясова да – Сыр бойында дүниеге келген, алайда тағдыр жазуымен 20 жылдай шетте өмір сүргендердің бірі. Қырғыз елінен оралған қандасымыздың өмірі өзгеше өрілген.
2007 жылы туған жерге қоныс аударған ол іс тігіп, өнерімен айналасына танылып үлгірді. Бүлдіршін кезінен тігіншілікке жақын болған кейіпкеріміз кілем тоқып, тұрмыстық бұйымдар мен киім-кешектер, кәдесыйлар дайындайды. Сондай-ақ, көрсем, білсем деушілерге үйретуден еш жалыққан емес. Қолөнерші шәкірттерінің кәсібін нәсіп етіп, тапсырыс қабылдап жатқандары да жетерлік екенін айтады. Ең басты жаңалық бұл емес. Жуырда ісмер аймақ атынан Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО – 2017» әлемдік көрмесіне қатыспақ. Ол онда ұлттық өнерімізді дәріптейтін бұйымдарын ұсынбақшы.
– Еліміз өз алдына шаңырақ көтеріп, тәуелсіздігін алғаннан кейін көршілес мемлекетте тұрып жатқан қандастар елге оралуға бет бұрды. Мен де сол көшке ілестім. 2007 жылдан бері қазақ қолөнерін дәріптеуді, кәсіпті дамытуды алдыма мақсат етіп қойдым. Мемлекет тарапынан түрлі қорлардан ақшалай қолдау болды. Тұңғыш Президент қорынан да қаржылай көмек алдым. Бұл кәсібін жаңа бастаған адам үшін зор көмек. Соның арқасында «Қарлығаш» шеберлер орталығын аштым. Бүгінде туған елімде өз кәсібімді ашып, жұмыс істеп жатқаныма қуаныштымын. Бұған дейін бәрін болмаса да, көп нәрсені білемін деп есептейтінмін, бірақ бір кездері өмірімнің жаңа бір кезеңіне аттай отырып, жаңа деңгейдің жаңа талабы болатынына көз жеткіздім. Өзім де мол мүмкіндіктерге құлаш сермеп, түрлі дүниелерді игеруге құлшынып отырамын. Әріптес, серіктес ұйымдардың шақыруымен көптеген семинар, тренингтерге қатысып, қолөнердегі сан қилы бағыттарды үйренуден шаршаған емеспін. Міне, бүгін маған ел тарихында ерек орын алатын шараға ұлттық нақыштағы, қазақы болмысты алыстан танытатын кәдесыйлар дайындау мүмкіндігі бұйырды.
Мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктердің ғана асығы алшысынан түсетін көрмеде ұсынатын дүниелерім ұлттық дәстүрді ұлықтайтынына, шетелдік туристердің көңілінен шығатынына сенімдімін, – дейді ол. Расында, әсем оюмен әдіптелген шебердің бұйымдары ұлы дала иелерінің дархандығын, еркіндігін бейнелейді. Көз жауын алып, ешбір тұтынушыны бейжай қалдырмайды. Жалпы ұлттық дәстүрді дәріптеген киелі кәсіп – қолөнерді қазақ пір тұтқан. Бұл үрдіс қазір де Қарлығаш секілді шеберлерге деген құрметтен көрінеді.
М.СНАДИН.