МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫСЫНЫҢ ЖҰМСАЛУЫ ПАРТИЯ БАҚЫЛАУЫНДА
Бүгін «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Е.Демесінов көшесі бойында салынып жатқан көппәтерлі үйлердің құрылысымен танысты. Бас жоспарға сәйкес бұл көшеде 50 пәтерлі 1 және 60 пәтерлі 3 үй салу көзделген. Сметалық құны 2 347 710 000 теңгені құрайтын тұрғын үйлердің құрылысын «Бақ-Береке 2030» медігер мекемесі жүргізуде.
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Тілеуберген Шаутай мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы партия өкілдерінің қатаң бақылауында екенін айтып, бөлінген қаржының тиімді әрі толық жұмсалуы, үйлердің технологиялық талаптарға сай уақытылы аяқталуы керектігін мердігер мекеме басшылығына қатаң тапсырды.
«Тұрғын үйлер құрылысы ағымдағы жылдың ақпан айында басталғандықтан күн райына байланысты бастапқыда баяу жүрді. Қазір қарқынды. Барлық талаптарды сақтап отырмыз. Жоспарға сәйкес тамыз айында аяқтап, пәтер кезегіндегі тұрғындарды қуантатын боламыз»,- деді бас мердігер Айбек Ерназаров.
«Өткен жылы өңірімізде «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тұрғын үйлерге, тұрғын үй алаңдарындағы инженерлік коммуналдық инфрақұрылым құрылысын жөндеу, жаңғырту жұмыстарына ұлттық қордан бөлінген қаржы толық игеріліп тиісті мерзімде пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тұрғын үй бойынша 1,6 млрд, инфрақұрылымдарға 2,8 млрд теңге бөлініп игерілуде. Яғни бағдарлама аясындағы жұмыстарда атап айтарлық кемшілік жоқ. Партия тарапынан бақылау жұмыстары өз деңгейінде жалғаса беретін болады»,- деді тексеру барысында облыстық партия филиалының инспекторы Қуаныш Жареекев.