«НАРТАЙ БҮЛДІРШІНДЕРІ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІНЕ ҚАТЫСТЫ
«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» бағдарламасы аясында 6-9 маусым аралығында Шымкент және Түркістан қалаларында «Ортеке» V Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалі болып өтті.
Бұл фестиваль қазір дамуы кенжелеп қалған қуыршақ театрын қайта жаңғыртатын жақсы бастама болды. Шараға Қызылорда облыстық Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының жанынан құрылған «Нартай бүлдіршіндері» қуыршақ тобының режиссер К. Жанмұратова, артистер А. Қиятова, Р. Қаймашова, Н. Ерден тәжірибе алмасу мақсатында қатыстып қайтты.
Кәсіби қуыршақ өнері саласындағы аймақаралық ынтымақтастықты нығайту және халықаралық мәдени байланыстарды дамыту, қуыршақ театры актерлерінің кәсіби және орындаушылық шеберлік деңгейін арттыру, отандық қуыршақ театры өнерін дамытуға ықпал етуді мұрат тұтқан фестивальде М.Жанғазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры, Абдолла Шайг атындағы Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театрларымен қатар біздің еліміздегі Ақтөбе, Маңғыстау, Шымкент және Жезқазған қалаларындағы ұжымдар өнері тамашаланды.