ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫСТЫҢ АУҚЫМЫ АРТТЫ
Елімізде жастар саясатын жүйелі түрде жүзеге асыру талаптары ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда және компанияларда жастармен жұмысты күшейте түсті. Бүгінде түрлі меншіктегі кәсіпорындар мен мекемелерде 14, жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 21 жастар ісі жөніндегі комитет жұмыс атқаруда. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ жанынан кәсіпорындар мен мекемелердегі жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілерінен құрылған Жастар кеңесі жұмысын жүргізуде.
Жастар ісі жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен ортақ міндеттің тиімді әдістері, міндеті мен мақсатын түсіндіруге бағытталған кездесулер жиілей түскен.
Осы басқарманың басшысы Еркебұлан Меңлібаевтың айтуынша биылғы осындай алғашқы шаралардың бірі ақпан айында облыстық жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында жоғары және орта арнаулы оқу орындары жанындағы жастар комитетінің жетекшілеріне арналған семинар-тренинг болды. Оған оқу орындарының жастар комитетінің жетекшілері, үйірме, клуб жетекшілері қатысты. Қатысушыларға жастармен жұмыс жасаудың тиімді әдістері, жастар комитетінің міндеті мен мақсаты туралы толық ақпарат берілді.
Сонымен қатар, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-нің мәжіліс залында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттерінің білім алушы белсенді студенттері, жастар комитетінің жетекшілерімен бейнеконференциясы өткізілді. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі мен 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған шараға жүздеген жас қатысты.
Облыс бойынша 65 жастар ұйымы тіркелсе, оның 42-сі белсенді жұмыс атқарады. Олардың құрамында 78 мыңнан астам мүше тіркелген. «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі жанынан жастар ұйымдарын дамыту жөніндегі Үйлестіру кеңесі жұмыс жасайды.