БІЛІКТІЛІКТІ ШЫҢДАУҒА ҚЫЗЫЛОРДА ӨҢІРІ БАСТАМАШЫЛДЫҚ ТАНЫТТЫ
Елбасы кітапханасының дәстүрлі «Қазақстандық жол: Мәңгілік Ел» семинар-тренингі аймақтарға бет алды. Қызылордада өткен көшпелі екі күндік оқыту техникалық және кәсіптік білім беру орындары мамандарына арналды. Тыңдаушылар арасында аймақтағы колледж директорлары, оқу және тәрбие жөніндегі орынбасарлар, тарих пәнінің мұғалімдері болды.
– Мен осыдан 1,5 ай бұрын Астана қаласындағы Елбасының кітапханасында екі күндік семинар-тренингке қатысып, «Қазақстандық жол» және «Мәңгілік Ел» тақырыптары бойынша арнайы мамандандырылған оқу курстарының барына көз жеткіздім. Оны біздің облысымызда ұстаздар қауымы үшін өткізу ұсынысы Елбасы кітапханасы тарапынан қолдау тапты. Бүгінгі семинар-тренинг – оның айқын көрінісі. Елбасымыздың бастамалары мен идеяларын түсінікті және терең түсіндіру қажеттігі туындайды. Біздің ұстаздарымыз қажетті мәліметтерді алып, оны оқыту және тәрбие барысында тиімді түрде қолданады деп ойлаймын. Биылғы қыркүйек айында мұғалімдерден делегация жасақтап, Елбасы кітапханасына жіберу ойда бар, – дейді көшпелі семинардың маңыздылығына тоқталған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Қарабалаев.
Қызылорда қаласындағы көшпелі семинар-тренингті әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы Күнсұлу Исинова және аға сарапшысы Ақбота Хамитова өткізді. Олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, оқытудың тың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Тәуелсіз елдің жасампаз жолын және келешегін зерделеу, өңірге қажетті әлеуметтік маңызды жобаларды түзу – тыңдаушылардың асқан қызығушылығын оятты.