БАЛАЛАР ТАСЫМАЛЫНА ТАЛАП КҮШЕЙЕДІ
Бүгін Тасбөгет кентіндегі Абай және Сапарбаев көшелерiнiң қиылысында «Ералаш» жеке балабақшасына тиесілі көлік аударылды. Апат орын алған сәтте көлiктiң iшiнде 21 бүлдiршiн болған екен. Төрт бала жеңіл жарақат алған. Балалардың ең кенжесі бір жарым жаста екен. Медициналық тексеруден кейiн балалар үйлерiне қайтарылыпты.
Оқыс оқиғаға орай қаладағы балабақша меңгерушілерінің қатысуымен жиын өтіп, онда облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев, Қызылорда ОІІД Жергілікті полиция қызметінің бастығы Бауыржан Ибраев, ОІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алтынбек Ахметов мұндай жағдайларды болдырмау бағытында жасалатын жұмыстар жайын баян етті.
Әкімшілік полиция жетекшісі А.Ахметов енді бала тасымалымен айналысатын жүргізушілерге талап күшейе түсетінін айтып отыр. «Көлік төбесіне маяк немесе түрлі түсті айналма жарық орнатуды қолға аламыз. Барлық балабақша жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жүргізушілерді және көліктерді заң талаптарына сай тексереміз. Жалпы жолаушылар отыратын орындықтарға бала отырғызу үшін арнайы балалар белқыстырғыштарын орнату керек. Біз осыған дейін балабақша көліктеріне ондай талап қойған жоқпыз. Салдарынан осындай жайтқа ұшырап отырмыз» деді ол.
Оқиғаның мән-жайына тоқталған жергілікті полиция қызметінің басшысы Б.Ибраев мұндай сыйымдылықтағы көліктер жылына екі мәрте тексеруден өтуі тиістігін айтты. Енді осы талаптардың барлығы қатаң сақталады.