ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ ЕЛ ДАМУЫНА ЖАҢА ЛЕП БЕРЕДІ
Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында елімізде қарқынды жүріп жатқан жекешелендірудің екінші толқынының маңызы атап өтіліп, оның ел экономикасына жаңа қарқын қосары айтылған болатын.
Біздің облысымызда да кешенді жоспары бойынша жекешелендіруге жататын бірқатар кәсіпорындар айқындалды.
Биыл жалпы жеті нысанды сауда саттыққа ұсыну жоспарлануда, оның үшеуі коммуналдық меншік нысаны болса, төртеуі «Байқоңыр (Байконур) ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамына қарасты нысандар.
Ал келер жылы тағы 1 нысан жекешеленеді.
Бүгінгі күнге барлық нысандар бойынша сауда саттық кестелері мен Жол карталары әзірленді. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңына және екешелендіру объектілерін сату ережесіне бірқатар өзгерістер енгізіліп, сату процедурасы жеңілдетілді.
Жекешелендіруге жеке немесе мемлекеттік емес заңды тұлға қатыса алады. Аукционға, тендерге қатысу үшін қажетті құжаттар Жекешелендіру объектілерін сату Ережесінде көрсетілген.
Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган мемлекеттік мүлікті жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендiру объектiсi болады.
Бұл үшін, облыс әкімдігі жанында заңды тұлғаларды және коммуналдық меншіктегі жылжымайтын мүлік объектілерін оңтайландыру мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия құрылып, жекешелендірудің мерзімі, түрі және шарттары бекітіледі. Жекешелендіру бойынша тұрақты комиссия құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және жергілікті өкілетті органдардың өкілдері енгізілген.
Жекешелендіруге жататын объектілер, сатылатын немесе сатылған объектілер туралы ақпарат, суреттерімен қоса мемлекеттік мүлік реестрін тіркейтін біріңғай операторы болып табылатын – госреестр (www.gosreеstr.kz) веб-порталында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады.
Т.ЖАҚЫПБАЕВ,
Қызылорда облыстық қаржы басқармасының басшысы