АЛАЯҚҚА АЛДАНСАҢ, ПОЛИЦИЯҒА ХАБАРЛАС!
Қылмыстың бір түрі – алаяқтық екені белгілі. Осы санаттағы қылмыстардың тіркелуі 2016 жылдың 5 айында 432-ні құраса, 2017 жылдың 5 айында 328 болып, өткен жылмен салыстырғанда 24,1 пайызға төмендегенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Қызылорда ІІД баспасөз қызметі. Аталған қылмыстардың орын алуына – жәбірленушілердің шектен тыс аңғалдығы, құқықтық сауаттылығының төмендігі, өз жұмыстарын оңай жолмен шешуге тырысуы себеп болады.
Зерделеу жұмыстары көрсеткендей, алаяқтық қылмыстарды жасаушылардың көпшілігі әйел адамдар екен. Әккілердің құрығына түсетіндердің қатарын да нәзік жандылар құрайды.
Сөзіміздің айғағы ретінде бір дерекке мысал келтіре кетсек. 2017 жылдың маусым айында ішкі істер органдарына Қызылорда қаласының 2 тұрғыны шағымданған. Тексеру жұмыстары барысында, өткен жылдың қазан айында 1980 жылы туылған азаматша «жұмысқа тұрғызып беремін» деген желеумен бірінен 250 000 теңге, енді бірінен150 000 теңге алып, қайтармағаны анықталды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Осы тектес дерек осыдан 9 күн бұрын тағы тіркелді. 1971 жылы туылған азаматша «несие алып беремін» деп сеніміне кіріп, қала тұрғынының 150 000 теңге ақшасын алаяқтық жолмен алған. Бұл дерек бойынша да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Дәл осы күні, яғни 2017 жылдың 6 маусымында ішкі істер органдарына Жаңақорған ауданының 25 жасар тұрғыны шағымданған. Жәбірленуші арызында И.Б. есімді азаматша «кезектен тыс мемлекеттік бағдарламамен үй алып беремін» деп сендіргені көрсетілген. Өз қызметін ол 140 мың теңгеге бағалапты. Алайда ақшасын алып, уәдесін орындамаған. Ақшаны заңсыз иемденді деген күдікпен 43 жастағы аудан тұрғыны ұсталды. Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Жер телімдерін сатып алу немесе басқа да мәселелер бойынша келісімшарттар жасамас бұрын, заңгерлермен және құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен кеңескен жөн. Ал алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда уақытты босқа шығындамай ішкі істер органдарына арыздану керек.