ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ – ЖАҢА БАҒЫТ, ЖАҢА ТАЛАП
Қызылордада РФ Белгород облысынан келген мамандар жобалық басқару тәжірибесі жайлы шеберлік кластарын өткізді.
Жобалық басқару әзірше біз үшін таңсық бастама. Бірақ мемлекеттік басқарудың ілгерілетілген жаңа модельдерін қалыптастыруды көздп отырған еліміз үшін өте тиімді. Мысалы, көршіміз Ресей Федерациясында да бұл бағытта біршама жұмыстар жүзеге асырылуда.
Жобалық менежмент 2014 жылы Сочи олимпиадасын өткізу кезінде табысты жүзеге асырылған. Онда 11 орталық жобалық кеңсе, 20 атқарымдық жобалық кеңсе құрылып, онда жұмыс істейтін 600 адам оқып, үйретілді. Ал бұл модель сол кездің өзінде табысты жұмыс істеп тұрған Белгород облысының жобалық басқару жүйесінің толықтай көшірмесі еді. Олимпиаданың сәтті ұйымдастырылғаны туралы әлемдік қауымдастық өз бағасын берді. Сол уақытта Ресей Үкіметі тиімді басқарудың құралы бола алатын осы менежмент түріне назар аударған болатын.