ЗЫМЫРАН ҚАЛДЫҒЫ ҚҰЛАУЫНАН ӨРТ ШЫҒЫП, БІР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Сонымен қатар, Қарағанды облыстық ТЖД Өрт сөндіру және апат-құтқару жұмыстары қызметтерінің №2 жасағының орталық пунктіне Талап ауылының тұрғынынан Жезқазған-Қызылорда тасжолының маңындағы далада өрт шыққаны жайлы хабар түскен. Осы хабарлама бойынша сағат 19.27-де Өрт сөндіру қызметінің кезекші ауысымындағы күштерді жөнелту туралы шешім қабылданған. Оқиға орны шамамен 40 шақырымда болды.
"Оқиға орнында Талап ауылынан 16 шақырым жерде Жезқазған - Қызылорда тасжолының оңтүстігінде 15 шақырымға созылған жердің өртеніп жатқаны анықталды, тасжолдың бойында қою түтін шықты, өрттің аумағы белгісіз болды, оңтүстік-батыстан соққан желдің өті секундына 15-20 метрге жеткен. Кейін жоспарлы түрде сөндіру бойынша шаралар қабылданды", - деп хабарлады ТЖК өкілдері.
Өрттің салдарынан зымыран тасығыштарының бөліктерін жинау бойынша жұмыс атқарып жүрген 1964 жылғы азамат күйік шалып, қаза тауып, тағы бір 1968 жылғы азамат ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге 61 адам және техниканың 22 данасы жұмылдырылған. Осылайша өрт 3.31-де сөндірілген. "Мессенджерлерде зымыран тасығыштың ажыратылған бөлігінде гептил бар деген мәлімет расталмады", - деді ТЖК өкілі Руслан Иманқұлов.
www.nur.kz