ЖОЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ РАДАРСЫЗ ҚАЛАТЫН БОЛДЫ
Елімізде таяғынан айырылған полицейлерге енді радарды қолдануға да шектеу қойылып жатыр. Өйткені, жол сақшылары жылдамдық өлшейтін құрылғыны пара алудың құралына айналдырып алған, деп хабарлайды www.nur.kz.
Мұндай заңсыздықты азайту үшін радардан бас тартып жатқан Ішкі істер министрлігі олардың орнына бақылау камераларын көбейтпек. Бұл жылдамдықты асырған жүргізушіні бірден суретке түсіріп алып, ақпаратты орталық базаға жібереді.
Жалпы еліміздің жолдарында осындай екі мыңға жуық камера орнатылған. Солардың арқасында өткен жылы түрлі айыппұлдардан бюджетке 5 миллиард теңге түсіпті.
"Биылдан бастап қолға ұстайтын ескі радарды қолдануды азайтамыз. Сөйтіп, келер жылдан бастап толық тыйым салынбақ. Олардың орнына алынатын жаңа құрылғылар әлдеқайда тиімді. Ал, жол ережесінің бұзылғаны жайлы ақпарат жүргізушілердің поштасына жіберілетін болады", - дейді ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.