БІРДЕ- БІР ШАҒЫМ ЖАУАПСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әмірбек Шәймағанбетов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап заң аясында кеңестер берді.
Департамент бастығының қабылдауына кіргендердің бірі — Қызылорда қаласы КБИ мөлтек ауданының тұрғыны Ержан Исахаев. Азаматты мазалап жүрген мәселе — әкесіне себепсіз тағылған айып.
Ержанның әкесі Исахаев Акбар Хайдарұлы Белкөл кентіндегі №189 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды. Жалпы білім саласында 35 жылға жуық жұмыс тәжірибесі бар маман қазір қамауда отыр. Оған осы сәуір айында «Осы мектептің 6-сыныбында оқитын қызымның аяғынан ұстады» ата-ана арызы себеп болған. Ержан департамент бастығының орынбасарынан осы мәселенің заңдылығын анықтап беруді сұрады.
Әмірбек Шәймағанбетов аталған мәселе бойынша қосымша уәждерінің ескерілуімен, тергеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Қадағалау органы ретінде прокуратураға да өтініш түсіруге болатындығын назарға салды. Сондай-ақ істің маңыздылығы мен ауырлық санаты ескеріле отырып, облыстық ІІД тергеу басқармасына қосымша мәліметтер мен куәлердің дәлелдері беріліп, осы басқарманың ары қарай, сотқа дейінгі істі тергеу – тексеру амалдарын жүргізуге ықпал ететіндігін жеткізді.
Қамбар Ізтілеуов есімді азамат Белкөл кентіндегі үйі өртенгенін, бірақ Қызылорда қалалық ІІБ тарапынан тергеу тексеру жұмыстарының дұрыс жүргізілмегеніне наразылық білдірді.
Өзбекстан елінен қоныс аударып келген қандасымыздың зайыбы осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болыпты. Қазір қолында бір қызы бар ол басынан кешкен жағдайдың әділ тексерілуін сұрайды.
Оқиға бойынша департамент бастығының орынбасары қалалық ішкі істер басқармасы, Ақсай бөлімшесі полиция қызметкерлеріне істің қайта зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жыл басынан бері «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында 881 қабылдау өткізілген. Соның ішінде 37 қабылдауды құқық қорғау органдары басшылары жүргізді. Қоғамдық қабылдауға осы салаға қатысты сауалмен келген 76 адамның 10-ның мәселесі шешімін тапқан.