ЭКСПО АЯСЫНДА WSEC–2017 КОНГРЕСІ ӨТЕДІ
19-20 маусым аралығында ЭКСПО аумағының Конгресс орталығында WSEC-2017 Конгресі өтеді. Оның делегаттары қатарына 300-ден астам шетелдік ғалым мен инженер кіріп отыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген баспасөз конференциясы барысында Конгрестің бас үйлестірушісі, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы төралқасының бас ғалым-хатшысы Гүлбазар Медиева хабарлады.
–Біздің форумға 11 беделді халықаралық ұйым өз өкілдерін жіберуде. Олардың ішінде Masdar ғылым және технология институты, «Жаһандық энергия» Халықаралық сыйлығын құру бойынша Коммерциялық емес ұйым, Ольденбург Университеті (Германия) және Әлмедік Энергетикалық кеңес, Халықаралық энергетикалық агенттігі (Франция), Инженерлік істің Корольдік академиясы (Ұлыбритания) және басқалар, - деді ол.
Спикер атап айтқандай, алғаш рет өткізіліп отырған Конгреске еліміздің екі ірі ғылыми ұйымдары - Ұлттық инженерлік академиясы мен Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы бастамашылық етеді. «Болашақтың энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» атты тақырыпта өтетін WSEC жұмысы 4 ғылыми блоктан тұрады.