ҚАРМАҚШЫДА ЖАҢА МЕКТЕПТІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Қармақшы ауданында өткен жылы барлық инженерлік инфрақұрылымдары тартылып, пайдалануға берілген «Тәуелсіздік» мөлтек ауданында бүгін 300 орындық Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің іргетасы қаланды.
Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімі С.Мақашов білім саласына көрсетіліп жатқан қолдау мен аудандағы игі істер жөнінде айта келе, мектеп құрылысының жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдәулетов пен ауданның «Құрметті азаматы» О.Сариев жұртшылықты құттықтап, баталарын берді.
Жалпы құны 789 млн. теңгені құрайтын нысанның құрылысына тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Бас мердігер «Аман Құрылыс» ЖСШ. Жоба бойынша 300 орындық ғимаратта оқу бөлмелері, мәжіліс залы, асхана, спорт залы, шеберханалар, зертханалар, медпункт, жабдықталған компьютер кластары, оқу залы бар кітапхана болады.
Ұзақ жылдар бойы уақыт талабына сай келмейтін ескі ғимаратта білім берудің қиындығын бастан кешірген мұғалімдер мен оқушылар жаңа мектеп есігін айқара ашар сәтті асыға күтеді.