ПРОКУРОРЛАР ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ ТӘЖІРИБЕСІМЕН ТАНЫСТЫ
Өңірімізде мемлекеттік органдарды жобалық басқару бастамасына орай РФ Белгород облысынан келген мамандар семинар өткізіп жатыр. Облыс әкімдігі бастамашы болған бұл жаңалық аясында облыс прокурорлары да мемлекеттік басқарудың жаңа формаларына арналған шеберлік кластарына қатысуда, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Белгород облысындағы ішкі және кадрлық саясат департаменті жобалық-сараптама басқармасының басшысы И. Кириллова мен оның орынбасары М. Чистякова жүргізген ашық диалогта жобалық басқару тәжірибесі туралы егжей-тегжейлі айтылды. Бұл жобаның мемлекет алдындағы мақсат пен тапсырмаларды игерудегі тиімділігі сөз болды.
Мемлекеттік басқару жүйесіне осы тәжірибені енгізген Белгород облысы 7 жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін айтарлықтай жақсартып, көш бастаған өңірлер қатарына қосылып отыр.
Жобаны түсіндірген мамандарға көп сұрақ қойылды. Мұндай инновациялық тәжірибені мемлекеттік қызмет саласына енгізу оңай еместігін айтқандар да табылып жатты.
Ал облыстық прокуратураның басқарма басшысы Қанат Құлжанов осы салада Бас прокуратура бастамашы болған «Өзгерістер бағдарламасы» мен оның нәтижелеріне тоқталды.
Жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асырылып отырған жобалар арқасында мектеп оқушылары арасындағы құқық бұзушылық азайды. Ана мен бала өлімін төмендету бағытындағы жоба да жеміссіз емес. Ол жүзеге асырыла бастаған 8 айдың ішінде Қызылорда облысы 16-орыннан 8 – орынға көтерілді. Алда да бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.