АУЫЛДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ
«Нұр Отан» партиясының «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту» жобасы аясында ауылдық елді-мекендердегі тұрғындарға қажетті кеңес беру мен ауылшаруашылығын шағын несиемен қамтуды жүзеге асырудың орындалуы жөнінде көшпелі қоғамдық қабылдау жүргізілді.
Көшпелі қабылдауға «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, «Ауылшаруашылығын қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалының Қазалы ауданы бойынша несие менеджері Қанат Сүйеубаев, Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасының Қазалы аудандық филиалының директоры Ермек Аймаханов, Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Әліби Әбиев қатысып, тұрғындарға қажетті кеңестері мен тиісті түсініктемелер берді.
Қабылдауға келген тұрғындар өздерінің өзекті мәселелерін алға тартып, үкімет тарапынан несие алу жолдары мен оның пайыздары жайында сауал қойып, арнайы мамандардан кеңес алды.
Қоғамдық қабылдауға қатысқандар «Жұмыспен қамту-2020», «Береке», «БҰҰ Экодаму» бағдарламалары аясында өз отбасын асырып, өзгені жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлер Ербол Әбілтаев, Елубай Сағадиев пен Болат Далиевтің кәсіптерімен танысты.