АУРУЫҢЫЗДЫҢ 63 ПАЙЫЗЫН ІШКЕН ТАМАҒЫҢЫЗ ЕМДЕЙДІ
Профессор Христо Мемерскиді болгар жұртшылығы өте жақсы біледі. Ол тағамтануға қатысты ондаған кітаптың авторы, әлемнің 200 университетінде осы салада дәріс оқыған. Басты тақырыбы – салауатты өмір салты. Адам баласы ұзақ жасай ала ма? Оған не кедергі? Осы мәселенің бәрін зерттеген.
Христо Мемерскидің ойынша, біз бүгінгі жағдайымызға немесе ертерек сырқатқа ұшырауымызға тек өзіміз ғана кінәлі екенбіз. Профессордың тұжырымдамасымен ғалымдар да келісіп отыр. Мысалы, адамның өмір сүру ұзақтығы әр елде әртүрлі. Оның себебі не? Сөйтсек, бәрі де тамаққа байланысты екен. Нақты айтсақ, не ішсең, соның пайдасын әрі зиянын көресің. Әлемде адамдардың 70 пайызы тамақты дұрыс ішпеудің немесе қалай ішуді білмеудің салдарынан өмірден ерте өтеді екен. Көп адамдардың диабет, асқазан жарасы, инфаркт, инсульт және қатерлі ісікке жиі ұшырауы да осыдан болса керек.
Әрине, дұрыс тамақ ішкен адам салауатты әрі сергек жүреді. Олардың ұзақ жасауының да сыры осы. Қарттықтың қашық жүруі үшін не істеуіміз қажет? Оның еш құпиясы жоқ. Негізінен көкөніс пен жеміс, йогурт, сүт, айран мен аздаған шарап ішіп отырсаң жеткілікті. Бірақ соңғысын талаппен, нормамен ішу керек. Кей елде, анығы немістер мен армяндар шала пісіп жатқан етке бір стакан қызыл шарап құяды екен. Демек, бекер емес. Артық тамақ жеудің қажеті шамалы, зиян. Аз-аздап, бірақ жиі ішіп отырсаң ағзаға пайдалы. Өмірің де ұзарады, қарттықтың да ауылы алыстайды. Қысқасы, аурудың 66 пайызын ішкен тамағыңыз емдейді.
Мамандардың пайымдауынша, адам ағзасына керекті ең қажетті витаминдер сәбізден жасалған салат пен сарымсақта екен. Исі ащы болатын сарымсақтан біз көбінесе қашып, тағамға пайдаланғымыз келмейді. Тіпті нанға қосып жеуге қиналамыз. Бірақ әзірбайжандықтар жасаған мына сынақ, оның өте пайдалы екендігін көрсетіп берді. Олар бір стакан суға 80 микробты салып, оның қасына бірнеше сарымсақты аршып, апарып қойған. Бірнеше сағаттан кейін стакандағы судың құрамын тексергенде, ешқандай микробтың қалмағаны байқалған. Бұдан шығатын қорытынды не? Сарымсақ суға араласпаса да, қашықтықта тұрып-ақ қасындағы су ішінде тұрған микробты жойып жіберген. Демек, кез келген тамаққа сарымсақты қосыңыз немесе сенбі, жексенбіде нанға қосып жеп тұрсаңыз, ағзаңыз аман әрі кәрілік те жақындамайды.
Демек, қазақ «ауру – астан» деп бекер айтпаған. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, дүниежүзінде тамақ пен тамақ өнімдерінің дәмді исін шығару үшін 200-ден астам химиялық заттар пайдаланады екен. Сондықтан тамақтың бәрі таза деген ой тумауы керек. Ол үшін дүкеннен немесе ірі сауда орындарынан тамақ сатып алардың алдына оның сыртындағы қағазына қараңыз. Өйткені онда қандай қоспалар қосылғаны анық жазылады. Егер синтетикалық қоспалар қосылса, оған тіпті жолаудың қажеті жоқ. Бірден денсаулығыңызды құртады. Сусын немесе біз айтып отырған шырынның барлығы да сапалы емес. Көз алдыңда арнайы аппарат арқылы сығылып суы шыққан табиғи шырын ғана ішіңіз. Өте пайдалы.
Салыстымалы түрде қарасақ, XX ғасырдың басында адамдар өмірінде қантты қазіргіден 5 есе аз пайдаланған екен. Қант – ағзаның жауы. Оның жүрекке, өкпеге, бүйрек пен асқазанға зияны зор. Газдалған су мен сусынға, лимонадқа жолап қажеті жоқ.
Жоғары қан қысымы бар азаматтардың тұзды тамаққа жақындамағаны абзал. Қан қысымының шығу төркіні де осыдан. Сондықтан тұзы қалыпты тамақты жегеннің көп пайдасы бар. Біз көбінесе кішкентай балаларға дүкеннен қуырылған картоп (чипсы) алып беріп, алдап қоямыз. Оны ашқұрсақ жағдайда тіпті жеуге болмайды. Зиян. Біз ағзаны осылай әлсіз етеміз, содан барып сан түрлі сырқат жұққыш келеді. Демек, аурудың бәрі астан екенін ұмытпайық.
Ұзақ өмір сүрудің ережесі:
Калориясы көп тамаққа тәбетіңізді тыйыңыз
Күн сайын алма жеп тұру керек
Қайнаған, таза салқын су ішкеннің пайдасы көп
Белсенді жұмыс істеген жақсы
Күн сайын душ қабылдаңыз
Салқын бөлмеде ұйықтаңыз
Демалыс күндері жаяу жүріңіз немесе 10-15 шақырым велосипед айдаңыз
Көңіл күйіңіз әрдайым жоғары болсын, достарыңызбен болғаныңыз артық
«Қартайып келе жатырмын» деп ешуақытта ойламаңыз.
Жақсы нәрсе туралы жиі ойлаңыз.
Зейнеткерлікке шықсаңыз да, әрдайым сүйікті ісіңізбен айналысыңыз.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ