ЭПИЗООТИЯЛЫҚ ТҰРАҚТЫЛЫҚ САҚТАЛУЫ ТИІС

Отырыста үй жануарларында кездесетін аса қауіпті жұқпалы аурулардан алдын алу мәселесі барысы да баяндалды.
– Биыл Париж қаласында өткен ХЭБ Бас Ассамблеясының 85-сессиясында облыс аусылдан таза аумақ мәртебесін алды. Енді осы мәртебені ұстап тұру үшін бізге барлық тиісті шараларды қабылдап, уақытылы орындалуын қатаң бақылауға алу қажет, – деді аймақ басшысы.
Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетовтің айтуынша, өңірде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында республикалық бюджет есебінен аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеру жұмыстары жылда тұрақты жүргізіліп келеді. Былтыр еліміздің бірнеше аймағында аса қауіпті жұқпалы аурулардың 149 ошағы тіркелсе, биыл мұның саны 23-ті көрсетіп отыр. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында облыста үстіміздегі жылы аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға ветеринариялық препараттар республикалық бюджет есебінен қаралып отыр.
Жиын соңында облыс әкімі жергілікті жерлерде эпизоотиялық тұрақтылықтың сақталуын қатаң бақылауға алуда, жеткізілген ветеринариялық препараттардың талапқа сай сақталуын, алдын ала егу жұмыстарының сапалы жүргізілуін бақылауда ұстауды ескертті.