ҮМІТКЕРЛЕР БАҒДАРЛАМАЛАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ
Үміткерлердің Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарынан облыстық мәслихатқа сайланған қалаулылар мен аудандық мәслихат депутаттарымен кездесуін ашқан облыстық сайлау комисссиясының төрағасы А.Жүнісов таңдаушыларға үгіт жүргізудің тәртібі бойынша бірқатар түсіндірмелер берді.
Сайлауалды үгітті кандидат өздігінше жүргізе алады, сондай-ақ бір кандидатқа әрбір аудан\қаладан бір адамнан келетін өзінің сенім білдірілген адамын тарта алады. Үгітті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, кандидаттардың таңдаушылармен сайлауалды кездесулер мен жиналыстар, кандидаттар мен олардың сенім білдірілген адамдарының таңдаушылармен жеке кездесулер, баспа және өзге де тыйым салынбаған үгіт материалдарын басып тарату арқылы жүргізілуі мүмкін.
Сайлауалды үгіт жүргізу кезінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңымен бірқатар тыйым шаралары белгіленген. Мысалға, сайлау комиссияларының мүшелері, діни бірлестіктер, мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, әскери қызметкерлер, құқық қорғау органдары мен сот органдарының жұмыскерлері үгіт жұмыстарына қатыса алмайды. Мемлекеттік қызметші болып табылатын кандидатарға өздерінің қызметтік немесе лауазымдық жағдайының артықшылықтарын пайдалануға тыйым салынған.
Депутаттыққа кандидаттарға жөнсіз үгіт жүргізуге, соның ішінде таңдаушыларға сайлау науқаны үшін арнайы әзірленген баспа, көрнекілік материалдарын, омыраубелгі, жалаушаларды ақысыз тарату жағдайларын қоспағанда ақысыз немесе жеңілдік шарттарымен тауар, қызмет ұсынуға, лотерея, қайырымдылық шараларын өткізуге, ақша төлеуге және т.б. заңмен тыйым салынған. Кандидат баспа, көрнекілік материалдарын әзірлеген жағдайда оларда міндетті түрде қандай баспахананың басып шығарғандығы, басылған орны мен таралымы, қаржыландырылуы қандай көздерден жүргізілгендігі, тапсырыс беруші (депутаттыққа кандидат немесе оның сенім білдірілген адамы) туралы бастапқы деректер көрсетілуі тиіс.
Заң талаптарына кеңінен тоқталған облсайлаукомның төрағасы биылғы сайлаудың ерекшелігі - 28 маусымдағы сайлау кезінде дауыс берудің алдын-ала қорытындыларын көрсете отырып, таңдаушыларды электрондық тіркеу болатындығын айтып өтті. Ол бұл жаңашылдықтың таңдаушылардың келуі туралы, сондай-ақ өңірлерде дауыстарды санау рәсімі аяқталған соң дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратты Ортсайлаукомның ресми сайтында онлайн режимде орналастыруға мүмкіндік беретіндігін жеткізді.
Кездесу барысында кандидаттар Е.Әжікенов, А.Әлназарова мен М.Бақтиярұлы таңдаушыларды өз сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді.
Кандидаттардың таңдаушылармен осындай кездесулері 13 маусымда – Арал, Қазалы ауданында, 14 маусымда – Қызылорда қаласында, 15 маусымда – Шиелі, Жаңақорған аудандарында өткізіледі.
Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы