ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ БОЛДЫРМАЙТЫН ЖОБА
Облыс бойынша көлік бақылау инспекциясы мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолында «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Жеке және заңды тұлғаларға нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын түсіндіру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды көздеген акцияда «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ибадулла Құттықожаев еліміздегі автомобиль жолдарының халықаралық қатынастағы артықшылықтарын атап өтті. Бұл сауда-саттық дамуының бірден-бір көзі. Сондықтан күре жолда кездесетін кедергілерді мейлінше азайту қажет. Өз кезегінде бұл кәсіпкерліктің дамуына жол ашады. Көлік бақылау инспекциясының басшысы Ержан Жолдасов осыған қатысты жасалып жатқан жобаларды түсіндіріп өтті.
– Транзиттік автокөліктерді кедергісіз өткізуге арналған жобалардың бірі – «Сәт сапар» бағдарламасы. Мұның артықшылығы мынада. Мысалы, Ресейден шыққан жүк көлігі діттеген жеріне жетуі үшін бірнеше облыстың үстімен жүруі мүмкін. Әр облыстан кемінде екі жылжымалы көлік бекетінің тоқтатуы тасымалдаушыға кедергі болады. Сондықтан «Сәт сапар» жобасын енгізгенде жолда тоқтатуды азайтып, жылдамдықты арттыру арқылы тауарлардың жеткізілу мерзімін тездетуге қол жеткіземіз. Одан бөлек бұл бағдарламаның мобильді түрі де енгізілуде. Бұрын ауыр салмақты автокөлікке құжат алу үшін 4-5 күн уақыт кететін болса, енді жаңа жобада мұның барлығын үйде отырып атқара беруге мүмкіндік бар. Бұл Елбасының 2020 жылға қарай транзит тасымалын екі есеге дейін көбейту қажет деген тапсырмасына сәйкес жасалуда, – дейді инспекция басшысы.