КОТОВСКИЙДІҢ ЕСКЕРТКІШІН ҚҰЛАТТЫ
Украиндықтар 10 маусым күні кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында аты аңызға айналған әскери басшылардың бірі болған саяси қайраткер Владимир Котовскийдің Одесса облысының Подольск қаласындағы ескерткішін құлатты.
«Украинада коммунизмнің елесі қалмауы керек» деген тұрғыдағы қағиданы ұстанған ел билігі бүгінде кеңестік ескерткіштерді түгел құртып жатыр. Осыған орай қазіргі кезде елдегі кеңес үкіметінен қалған барлық ескерткіштер мен алаңдағы бюсттер жойылуда. Бұл ғана емес, 2016 жылы Украинаның Жоғары Радасы Котовск қаласын Подольск деп өзгерткені белгілі. 2017 жылы Собор алаңындағы Котовский тұрған үй де құлатылып, ескерткіш тақта да жойылған болатын. Аталған қалада Котовский атындағы музей де бар. Оны жою туралы үкімет қаулысы өткен жылдың күзінде жарияланғанымен, әлі орындала қойған жоқ. Бірақ кеше еңселі ескерткіш жұртшылықтың алдында құлатылды. Сөйтіп, Украина билігі коммунизм елесінен біржолата құтылып жатыр.
Ал Григорий Иванович Котовский кім еді? Ол азамат соғысына белсене қатысқан өзінің саяси мансабына тез жеткен Молдова, Украина және Кеңес Одағының Орталық атқару комитетінің мүшесі болған қайраткер. КСРО-ның революциялық әскери кеңесінің мүшесі. Кеңес фольклоры мен әдебиетінің аңызға айналған кейіпкері.
Котовский жасырақ кезінде сотталған адам. 1917 жылы ол қылмыстық жауапкершіліктен босап, Румын майданына жіберіледі. 1917 жылы Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша майданда ерекше ерлік көрсеткені үшін Георгиевский крестімен марапатталады. Одан кейін Котовскийге айрықша сенім артылып, Кишинев пен оның маңайын жаудан тазартуға жіберілді. 1918 жылдың қаңтар –наурыз айында Одессадағы кавариялық топты басқарды. Ол бірнеше рет ақтардың тұтқынына түсті. Бірақ ептілігінің арқасында босап кетіп отырды. 1919 жылы Украинадағы жаяу әскер дивиязиясының командирі болып тағайындалды. Осы жылы Украинаны Деникин басып алғанда , ол жауға тылдан соққы беріп, атағы шықты. Бұдан кейін де Украина мен Молдовадағы ұрысқа қатысып, даңқы өрледі. 1925 жылы Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Фрунзе оны өзіне орынбасар етіп тағайындау туралы мәселе көтерген. Бірақ сол кездегі әртүрлі күрделі саяси жағдайға қатысты ол орынбасар бола алмай қалған.
Григорий Иванович Котовскийді 1925 жылдың 6 тамызында Одессаның маңындағы саяжайында демалып жатқан жерінде «Майорчик» деген лақап аты бар қылмыскер атып кетеді. Ол нақты айтқанда, «Одесса қылмыстық ісі серкесінің» көмекшісі Мейер Зайдердің қолынан қаза табады. «Майорчик» орын алған оқыс оқиға жайлы полицияға дереу хабар береді. 1926 жылдың тамыз айында сот оны он жылға соттайды. Бірақ 1928 жылы «түрмеде көрсеткен үлгілі тәртібі үшін» Зайдер бостандыққа шығады. Дегенмен, 1930 жылдың күзінде теміржолда жұмыс істеп жүрген жерінен оны Котовский дивизиясының үш жауынгері келіп, атып кетеді. Жергілікті билік Мейер Зайдерге қастандық жасалуы мүмкін екенін білсе де, оны елемегенсиді. Бірақ «Майорчикті» атқан адамдар сотталған жоқ. Соған қарағанда, жаңадан құрылып жатқан кеңес үкіметінің жергілікті билігі Григорий Иванович Котовскийді қатты құрметтесе керек.
Молдова және Украина жерінде кеңес үкіметін құруда ерекше еңбек сіңіріп, ерлік көрсеткен Котовскийге кейін Одесса облысында ескерткіш орнатылады. Қалаға аты беріледі. Енді міне саясат сағаты кері айналып, өз дегенін істеді. Бір ғасырға жуық уақыт тұрған еңселі ескерткішті ақыры украиндық ұлтшылдар құлатып тынды…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ