ЖАҢАҚОРҒАНДА ЖАСАЛҒАН КӘДЕСЫЙЛАР
Ұлы Дала елінде ұлы өркениеттердің болғаны тарихтан мәлім. Сол өркениеттің өріс алып, кең қанат жаюына сүбелі үлес қосқан өнердің түрі – ұсталық екендігі айқын. Бұл атадан балаға даритын дара қасиет. «Ұзынсыз қысқа болмас, үлгісіз ұста болмас», «Ұсталы ел озар, ұстасыз ел тозар» деген мақалдан ұсталардың ел өміріндегі маңызын байқауға болады.
Осы тұста, айбыны асқақ «ЭКСПО-2017» көрмесін шетелден миллиондаған мейман келіп тамашалауы қолөнер шеберлері үшін де таптырмас мүмкіндік. Әрине, халықаралық деңгейде болғаннан кейін ұлттық қолөнер шеберлері қазақ халқының өзіндік брендін айшықтайтын тауар ұсынуы қажет.
Туристердің көңілінен шығатын «Жаңақорғанда жасалған» ұлттық кәдесыйлар да Астана да сатылымға шығады. Пахриддин Садықов жетекшілік ететін Жаңақорған қолөнер шеберлері орталығының шеберлері де ұлттық танымдағы сувинерлер мен кәдесыйларын дайындады. Сәтін салса, бұл бұйымдар туристердің таңданысын тудырып шетел асады деген сенім мол.