ЕҢ ҰЗЫН ОРАМАЛ ЭКСПОДА ТҰР
Киевтен Астанаға 30 метрлік орамал әкелінді. Әлемдегі ұзын орамал қатарынан саналатын бұл дүниені мамандар арнайы «ЭКСПО» кезінде өтетін Ұлттық күн үшін дайындапты. Сонымен қатар бұл шараға украиналық қонақтардың алғашқы легі де келе бастады.
Ұзын орамалға 20 келі жіп, 30 метр мата пайдаланылған. Шеберлер кестелі орамалды тігуге екі апта уақыт жұмсапты. Алайда олар өз туындыларын рекордтар кітабына енгізіп үлгерген жоқ. Себебі «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өтетін Украина Ұлттық күндерінде ең ұзын оюлы матаны жұртшылық назарына ұсынуға асыққан.
Богдан Хмельницкий фабрикасының шебері Оксана Дикая орамалдың симметрикалық оюларын тігу біраз уақыт алғандығын айтады. Бірақ уақытпен санаспай жұмыс істеген шеберлер ЭКСПО төріне қойылатын тартудың бояуы қанық болуына баса мән беріпті.
Украинадан келген алғашқы делегацияның құрамы 15 адамнан тұрады. Жазғы маусымда кем дегенде тағы екі топ келмек. Community журналының шеф-редакторы Татьяна Люльканың есебінше халықаралық көрмеге екі мыңнан астам украиналықтың қатысуы болжанып отыр.