ҚАЗАҚСТАНДА «ЖАСЫЛ» ЭКОНОМИКА САЛАСЫНДА ЖАРТЫ МИЛЛИОН ЖҰМЫС ОРНЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Бұл туралы бүгін Астанада энергетика жөніндегі халықаралық форумда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Қазақстан әлемдік энергетиканың ұзақ мерзімге негізделуін әрі оның тұрақты дамуын қамтамасыз ету стратегиясын ұстанатындығына тоқталған Үкімет басшысы, 10 жылдай бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында жаһандық энергиялық экологиялық стратегияны әзірлеуді ұсынғандығын, 2011 жылы БҰҰ Ассамблеясында Елбасы өңірде жасыл экономикалық өсімді күшейтуге арналған «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасына басмашы болғанын еске салып өтті. 2012 жылы осы бағдарлама БҰҰ-ның Дүниежүзілік саммитінде мақұлданды. «2013 жылы Қазақстан «жасыл» экономикаға көшу жөніндегі Тұжырымдаманы қабылдады.
Ол өз кезегінде елдің энергетикалық секторында жүйелі түрленуге тиісті жағдай жасады. 2016 жылы біз климаттық бағыттағы Париж келісімін ратификациялау арқылы парниктік газдарды азайту бойынша міндеттемелерді алдық. Қазіргі кезде Үкімет Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруы бағытында жұмыс істеп жатыр.
Осы орайда «жасыл» экономика аясындағы реформамыз 2050 жылға қарай бізге Қазақстанның Жалпы ішкі өнімін үш пайызға арттыруға мүмкіндік береді деп жоспарлаудамыз. Бұл тұрғыда 500 мың жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп мен қызмет көрсетудің жаңа секторларын қалыптастыруға, өмір сүру сапасын көтеруге жағдай жасалады. Энергия әр адамның өмірінде өркениеттің фудаменталды қажеттігі болып табылады», - деді. Б. Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде әлемдік энергетика технологиялық инновациялар ықпалымен қарқынды өзгерістерге ұшырауда. Бұл өз кезегінде әлем үшін үлкен мүмкіндіктерді жасап отыр.
«Жаңа кезеңде ағымдағы ахуалды тек талқылаумен ғана шектемей, энергетика саласында тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін әр елдің үкіметтері мен халықаралық ұйымдарға қандай үйлесімді іс-қимылдарды қабылдау керектігін түсініп алу қажет. Бүгінде бізге жаһандық энергетикалық нарық үшін жаңа модельдер керек деп санаймыз», - деді Премьер-Министр.