БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ «АСТАНА ЭКСПО-2017» АУМАҒЫНДАҒЫ АТОМ ПАВИЛЬОНЫНА БАРДЫ
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аумағындағы «Атом энергиясының әлемі» павильонына барды.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ павильонында заманауи атом саласының әзірлемелері мен жетістіктері ұсынылған.
Көрмені аралау аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачевпен бейбіт мақсаттарда атом энергиясын пайдалану мәселелері жөнінде кездесу өткізді.
Кездесу барысында атом энергетикасы, ядролық-отын циклі және ғылыми-технологиялық әрі инновациялық даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
«Тоқамақ» қазақстандық материалтану термоядролық реакторы жобасына ерекше назар аударылды.
Анықтама:
Қазақстандық материалтану «Тоқамағы» базасындағы тәжірибелік кешенді бірлесіп пайдалану туралы келісімге ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың 2017 жылдың 26 мамырында Қазан қаласында ТМД елдерінің үкімет басшыларының саммитіне қатысуы барысында қол қойылған. Келісім бойынша келешек термоядролық энергетика үшін зерттеулер жүргізу саласында ынтымақтастық орнату көзделген.
«Тоқамақ» қазақстандық термоядролық материалтану жобасы - келешек термоядролық, ядролық реакторлар мен технологиялардың құрастыру материалдарына ғылыми зерттеулер мен сынақ жұмыстарын жүргізуге арналған алғашқы мамандандырылған қондырғы.