«НҰР ОТАН»: АЗАМАТТАР ӨТІНІШІ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері азаматтарды қабылдап, өтініш-тілектерінің орындалуына қолдау көрсетті.
Қабылдауға 5 азамат өз өтініштерін білдірді. Солардың бірі қала тұрғыны Есенғали Әміров. Ол Шиелі ауданы, 1 мамыр ауылында тұратын өздігінен жүре алмайтын немере ағасына мүгедектігі жөнінде құжат алуына көмек көрсетуді сұрап келіпті.
Басқарма басшылығы науқасты бақылауға алып, сырқатына қатысты тегін дәрігерлік тексеруден өткізуге көмек көрсететін болды. Ал мүгедектікке өтуге тиісті құжаттар аудандық ауруханадан дайындалып берілетінін жеткізді.
Баян Тәжімұратова есімді қала тұрғыны науқас балалар үшін дәрі-дәрмектер тегін берілсе деген мәселесін көтерді.
- Аймағымызда сирек кездесетін «Целиакия» дертіне шалдыққан балалар саны көбейіп келеді. Олар Креон, хофитол, кальцикал, актиферин, нормабакт, хилак форте секілді дәрілерді үнемі қабылдап отырулары тиіс. Бұл дәрілердің бағасы қымбат болғандықтан көптің қалтасы көтере бермейді, - дейд Баян.
Ал Динара Мыңжасарова қаладағы №5 емхана дәрігерлері «лямблиоз» ауруымен ауыратын ұлы мен қызына дұрыс ем-дом көрсетпеді деп наразылығын білдірді.Сондай-ақ анасының да коксартроз диагнозымен сырқаттанатынын айтып, Астана немесе Алматы қаласында емделуге квота беруге көмек сұрады.
Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері лямблиоз дерті жұқпалы болғандықтан оған алдымен күтім жасалу керектігін жеткізіп, балаларға емдеу жүргізуге көмек көрсетілетінін айтты.