"Денсаулық" медициналық пойызы Қызылорда облысына жол тартты

Ары қарай дәрігерлер бригадасы Арал теңізі бекетінің тұрғындарына қызмет көрсетуге кіріседі, пойыз бұл бекетте 21-24 маусым аралығында болады. Қызылорда облысындағы шалғайда орналасқан 28 темір жол бекеті мен жол айырығының тұрғындары темір жолдың жылжымалы дәрігерлер бригадасының қызметіне жүгіне алады.
Қызылорда облысындағы темір жол бекеттерінің тұрғындары екі ай бойы, яғни 21 тамызға дейін денсаулықтарын тексерту үшін дәрігерлердің тексеруінен өтіп, қажетті алғашқы көмек, кәсіби кеңес және жақын жердегі медицина орталықтарында ары қарай емделуге жолдама ала алады.
«Денсаулық» медициналық пойызының 8 вагонында науқастарды толық тексеруге, амбулаториялық ота жасауға, емдеу кабинеттерінің қызметтерін көрсетуге толық жағдай жасалған және зертханалар мен диагностика кабинеттерімен жабдықталған. Медицина бригадасының құрамында жоғары санаттағы терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, стоматолог дәрігерлер бар.
«Денсаулық» пойызы өз жұмысын 2017 жылы 21 сәуірде Маңғыстау облысының Тұрыш бекетінен бастады, пойыз өз жолында Қазақстанның батыс және оңтүстік аймақтарындағы темір жол бекеттеріне барады, содан соң 2017 жылы 20 желтоқсанда Алматы облысында жұмысын аяқтайды.
Медпойыз дәрігерлер бригадасының бекеттердегі жұмыс кестесі – сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.00-ге дейін. Барлық қызмет тегін көрсетіледі.
Жазда, жол үстіндегі бекеттерде, медицина пойызының жұмыс уақытында балаларға арнайы алаңдар мен аттракциондар ұйымдастырылады.