ҚАЗАЛЫДА МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ӨТТІ
Қазалы ауданында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін насихаттау мақсатында медицина қызметкерлері күні мерекесіне орай спорттық ойын түрлерінен спартакиада өтті. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Спартакиаданың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары С.Бабанаев «Экспо-2017» көрмесінің маңыздылығына тоқтала келе, спартакиадаға қатысушы ақ халаттыларға сәттілік тіледі. Аудандық аурухананың бас дәрігері К.Әбілов шараның өткізілу мақсаты медицина қызметкерлерінің спортқа ынталылығын арттыру, олардың негізгі кәсіби жұмысымен қатар спортты да қатар алып жүретінін таныту екендігін жеткізді.
Спартакиадаға орталық аурухана, орталық емхана, Қазалы қаласының емдеу мекемелері, «Жетес би» мен «Болат жол» емханалары, перзентхана, ауылдық емханалар, барлығы 7 команда қатысты. Жарысқа қатысушылардың арасында хирургтар, жас мамандар, бас дәрігерлер де бар. Екі күнге созылған жарыста дәрігерлер қауымы арқан тарту, дойбы, қол күрес, волейбол, жүгіру, эстафеталық жарыс, мини футболдан сынға түсті.
Жоғары деңгейде өткен жарыс қорытындысымен жалпы командалық есепте аудандық аурухана ұжымы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қазалы қаласының емдеу мекемелерінен құралған команда иеленсе, аудандық емхана ұжымы үшінші орынға тұрақтады.
Барлық жеңімпаз командаларға диплом мен арнайы кубоктар табысталды.