ҚАРТТАРҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТ ОРТАЙМАЙДЫ
Қызылорда облысы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЗК-169/5 мекемесі мен Қызылорда Еңбек мекемесі басшылығының ұйымдастыруымен Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай «№1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында «Қарттарым- асыл қазынам» атты мерекелік іс-шара өткізілді.
Мерекелік шарада сөз алған Қызылорда облысы Қылмыстық – атқару жүйесі департаменті арнайы есеп бөлімінің бас маманы, әділет подполковнигі Сәуле Баймырзаева мен «Еңбек Қызылорда» филиалының директоры Ермахан Төребеков қарттарымызға деген құрметтің азаймайтындығын, осындай игі шаралардың дәстүрге айналуының өзі жастарымыздың бойында адами құндылықтардың қалыптасуына ықпал ететіндігін атап өтті. Сондай-ақ, Қызылорда облысы Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті ЗК-169/5 мекемесінің бастығы, әділет подполковнигі Тасболат Қалымбетов №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының директоры Лариса Кәрібаеваны мекеме атынан алғыс хатпен марапаттап, сый табыс етті.
Әсем ән мен биден шашу шашып, киелі домбырадан күй төккен мекеме қызметкерлерінің өнерінен ерекше әсер алған қарттарымыз жоғары дәрежеде өткізілген мерекелік кешке шексіз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
А.БӘКІРОВА,
ЗК-169/5 мекемесінің
мемлекеттік тілде іс жүргізушісі