ЕКІ ҮМІТКЕР ШЕШІМІНЕН БАС ТАРТТЫ
Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына ұсынылған 5 кандидаттың 3-і тіркелді, екі кандидат өз-өзін ұсыну туралы шешімнен бас тартты. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Абайбек Жүнісов пен облыстық сайлау комиссиясының хатшысы Аягөз Сырлыбаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 7 маусымда Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталды.
8 маусымнан бастап тіркелген кандидаттар 2017 жылғы 26 маусым күнгі сағат 24-00-ге дейін жүргізілетін сайлау алдындағы үгітке кірісе алады.
- Республикалық бюджеттен әрбір кандидаттың теледидардан 15 минут сөз сөйлеуіне, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялануына тең мөлшерде 460000 теңгеден қаражат бөлінген. Облыстық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 2 маусымдағы № ОСК- 110/238 қаулысымен кандидаттардың таңдаушылармен – облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың депутаттарымен кездесулерінің кестесі бекітілді. Облыстық сайлау комиссиясына осы сайлау науқанына қатысты өтініштер (шағымдар) келіп түскен жоқ.