«УЫЛДЫРЫҚ – 2017» АКЦИЯСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов Өңірлік коммуникациялар орталығында БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда көктемгі балықтардың уылдырық шашып көбею мезгілінде өткізілетін «Уылдырық – 2017» акциясы сөз болды.
Аймақта балықтардың уылдырық шашу мерзімдері Сырдария өзенінде 1 сәуір - 30 мамыр, жергілікті балық шаруашылығы су айдындарында 20 сәуір -10 маусым, ал Кіші Арал теңізінде 1 мамырдан - 10 маусым аралығында балық аулауға тыйым салынған болатын.
Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы құқық қорғау органдарымен, басқа да мемлекеттік органдарымен бірлесіп акция шеңберінде күшейтілген рейд жұмыстарын ұйымдастырды.
Облыс бойынша жыл басынан бүгінгі күнге 255 балық қорғау заңнамасын бұзушылық анықталып, 162 ереже бұзушыға 1 млн. 908 мың теңге айыппұл салынып, оның 1 млн. 817 мың теңгесі өндірілді (95,2 %). Балық аулау ережесін бұзушылардан 94 ау, 2844 келі балық тәркіленіп, балық қорына келтірілген залал құны 768 мың теңгенің 454,5 мың теңгесі өндірілді.
- Балықтардың уылдырық шашып көбею мезгілінде инспекция тарапынан ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар барысында, облыс бойынша 124 балық қорғау заңнамасын бұзушылық анықталып, оның ішінде 71 іс сот орындарының қарауына жіберіліп, 53 ереже бұзушыға 623 мың 975 теңге айыппұл салынған. Балық аулау ережесін бұзушылардан 48 ау, және 1506,4 келі балық тәркіленіп, балық қорына келтірілген залал құны 538 мың 100 теңге салынып, 259 мың 775 теңгесі өндірілді, қалған залал құны өндіру үшін сот органдарына жолданды, - дейді М.Нұрмағамбетов.