ҚАРМАҚШЫЛЫҚТАР ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНЕ БАРАДЫ
Аудан тұрғындарын санаулы күндерден кейін Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне барып-келуін қамтамасыз ету мақсатында Қармақшы ауданы әкімдігі және «ТрансТурСервис-Қызылорда» ЖШС арасында автобус арқылы тасымалдау туралы меморандумға қол қойылған болатын. Меморандумға сәйкес «ТрансТурСервис-Қызылорда» ЖШС-гі аудан тұрғындарын Астана қаласына тасымалдауын ұйымдастыру үшін 50 орындық 4 автобус шығаруды, олардың көрме жұмысы уақытында тұрақты жүруін қамтамасыз ету міндеттелген.
Бүгінгі күні, аудан әкімдігі тарапынан аталған көрмеге билет алған азаматтардың тізімдері алынып, баратын күндері бойынша топпен барып-қайтуын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай ақ, аудандық білім бөлімі тарапынан бюджет есебінен баратын 219 оқушының және ата-ана қаржысы есебінен баратын 986 оқушының тізімдері жасақталды. Бюджет есебінен баратын 219 оқушылар 3 топқа бөлініп (1-топта 80 оқушы 10-15 маусым, 2-топта 80 оқушы 19-24 маусым, 3-топта 59 оқушы 26 маусым-1 шілде аралығы) барады. Сонымен қатар 25 ардагердің де баруы жоспарланған. Айта кетейік, Елбасының тапсырмасымен толық реконструкциялаудан және жаңғырту жұмыстарынан өткен Қорқыт ата ескерткіш кешені «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне келген қонақтарды қабылдайтын негізгі нысанның бірі. Халықаралық көрме кезінде Қызылорда облысы 5 мың шетелдік туристі қабылдамақ.