ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ АКЦИЯЛАРЫ АЯҚТАЛДЫ
Мамырдың 1 - 31 аралығында аймақта «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы өтті. Нәтижесінде облыстағы су айдындары қоқыстан тазартылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз-конференциясында Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Марат Нұрмағамбетов мәлім етті.
Акция жылда осы мезгілде, жергілікті атқарушы органдармен бірігіп жасалған іс-шара жоспарға сәйкес табиғат қорғау мекемелерінің, табиғат пайдаланушылардың, балық шаруашылығы су айдындары жақын орналасқан ауыл тұрғындарының, жастардың жасыл ел жасақтарының, студенттердің,оқушылардың және өздеріңіздің қатысуларыңызбен өткізіліп тұрады.
Бұл акцияның маңыздылығы су айдындарын тұрмыстық қалдықтардан тазалау, таза су денсаулық кепілі, тіршілік көзі Сырдария өзені таза болса денсаулығымыздың да жақсы болатынын және де балық пен басқа да су жануарларының көбеюін халыққа оның ішінде жастарға түсіндіру. Осыған байланысты, «Болашақ» университеті, Қызылорда инженерлік техникалық колледжі студенттерінің арасында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының маңыздылығы туралы дәрістер берілді.
Облыстың негізгі балық шаруашылығы су айдындарында Кіші Арал теңізінде инспекцияның және табиғат пайдаланушардың қызметтік катерлері мен моторлы қайықтарымен су ішіндегі ау қалдықтары жиналып шығарылды, табиғат пайдаланушылар өздеріне бекітілген балық шаруашылығы су айдындарының жағалауларын қоқыстардан тазарту жұмыстарын жүргізді.
- Облыстық бір айлық «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының нәтижесінде, тазалау жұмыстарына 740 адам қатысып, 101 техника мен 16 шағын көлемдегі кемелер жұмылдырылып, 62 тоннаға жуық әр түрлі қоқыстар мен суда қалған 127 аулардың қалдықтары жиналып тиісті орындарға шығарылды, - дейді Марат Нұрмағамбетов.