ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАНАТ ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған құс шаруашылығы негізінен жұмыртқа өндіреді.
Өткен жылдың желтоқсан айында жұмыртқа бағытындағы 12 мың балапан әкелінді. Жылына 3,5 млн. дана жұмыртқа өндірілетін болады деп күтілуде. Қазіргі таңда фермада 5 адам жұмыс жасайды. Таңертеңнен бастап, тауықтардың жем-шөптерін дайындап, оларға қосатын витаминдерін әзірлеп, күнделікті екі мезгіл тамақтандырады.
– Көп ойландым, жұрт кәсіп бастау, кәсіппен айналысу оңай шаруа деп ойлайды. Шындығында, бұл істің бәрінің артында еңбек тұр. Құстарды күтіп-баптау үшін Кентау, Тараз қалаларында болып, сол жақтағы кәсіпкерлермен ақылдастым. Солардың көмегімен арнайы семинарларға қатыстым. Білмегенімді үйретті. Дамыған елдерде әрбір тұрғынға 500-1000 тауықтан келеді екен. Мәселен, біздің ауданымыз үшін халық санына шаққанда күніне 4000 жұмыртқа керек екен. Қазір біз күнделікті 10000-ның үстінде жұмыртқа өндіреміз. Базарға күніне 5000 жұмыртқа сатылуда, – дейді кәсіпкер.