МӘМС ЖҮЙЕСІ – АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ
Елімізде жүзеге асатын МӘМС жүйесі бойынша заматтар өз статустарын қалай, қайда барып анықтайды? Жүйеге тіркелмеген жағдайда тегін медициналық көмек алу мүмкін бе? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ж.Әбдусаметов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жауап берді.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жұмыс істей бастайды.
2016 жылдың 30 маусымына дейін қазақстан азаматтары өз статустарын анықтауы қажет. Ол үшін, қазір емханаларда тіркеу жүргізіліп жатыр.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша емханадағы тегін медициналық көмекті тек 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін алуға болады. Одан соң, барлығы сақтандыру аясында жүреді, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Баспасөз мәслихатында сақтандырылған азаматтардың медициналық қызметтер жиынтығы жайлы да айтылды. Оған амбулаторлық-емханалық көмек, емханаларда ем алу, дәрігердің қабылдауында болу, лабораториялық қызметтер, диагностика мен манипуляциялар, стационарлық көмек — жоспарлы ретпен ауруханаларда емделу, стационардың алмастырушы көмек — күндізгі стационарларда емделу, жоғары технологиялық медициналық қызметтер — күрделі әрі таптырмас медициналық технологияларды (қымбат тұратын оталар) қолданумен жүзеге асырылатын медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету — амбулаторлық-емханалық көмек көрсету кезінде, медбикелік күтім — өзіне өзі қызмет көрсете алмайтын, ауырғаннан кейінгі ұдайы күтімге зәру тұлғаларға көмек көрсету, паллиативті көмек — жазылмайтын, өмірге қауіпті және ауыр өтетін аурулармен ауыратын науқастардың өмір сапасын жайлы жағдайларда қолдау, қайта қалпына келтіру, сауықтыру емі және медициналық оңалту кіреді.