АСТАНАДА ҚАРМАҚШЫЛЫҚ ЖАСТАР ЖАРЫС ҰЙЫМДАСТЫРДЫ
Жуырда Астана қаласындағы «Арай» демалыс паркіндегі футбол алаңында қармақшылық жастардың ұйымдастыруымен шағын футболдан Тимур Әмірәлиевті еске алуға арналған жарыс бесінші рет жалауын көтерді.
Жарысқа Астана қаласында білім алып және қызмет етіп жүрген қармақшылық және еліміздің әр аймақтары жастарынан құралған 17 команда қатысты.
Жарысқа қатысушы командалар 4 топқа бөлініп, өзара бақ сынасты. Содан соң әр топтан дараланып шыққан үздік 8 команда ширек финалдық, одан жеңімпаз атанған 4 команда жартылай финалдық ойындар ойнады.
Тартысты да қызықты сәттерге толы болып өткен жарыста нәтижелі ойын өрнегін көрсеткен қармақшылық «Батыр-86» командасы жеңімпаз атанса, ІІ орынды «Астана жастары», ал жүлделі ІІІ орынды «Тұрмағамбет» командасы иеленді.
Сонымен қатар, жарыс барысында өздерінің үздік ойындарымен ерекшеленген қармақшылық Артем Сиротов «Үздік қорғаушы», тұрмағамбеттік Нүркен Серікбеков «Үздік шабуылшы», ал «Астана жастары» командасының ойыншысы Ерислам Бейсенбек «Үздік қақпашы» аталымдарының иегері атанды.
Жарыс барысында ұйымдастырушылар Д.Берманов, Е.Қарақұлов, С.Бодықов, Р.Оспанов, Б.Мырзабаев, А.Дәулетбаев, М. Тоқсанбаевтар жүлдегерлерді құттықтап, осындай тағылымы мен тәрбиелік мәні зор іс-шара басталғалы бері ақпараттық және басқа да демеушілік көрсетіп келе жатқан «Қазақ» радиосының жүргізушісі Е. Досымжан мен Қ.Шүлтіков, Д.Балмағамбетов және басқаларға алғаусыз алғыстарын айтты.
Жарыс соңында жүлдегер командалар мен үздік ойыншылар ұйымдастырушылар дайындаған дипломдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.