ТҮЙЕ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
«Атамекен» ҰКП жанынан құрылған «Агробіліктілік орталығы» ЖШС Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен бірге ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру шараларын жалғастыруда.
Бұл жолы Шиелі ауданындағы «Шиелі Төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің базасында «Түйе шаруашылығы» бағыты бойынша 4 күндік семинар өткізілді. Семинарда БҰҰ жанынан құрылған Ауыл шаруашылығы жөніндегі халықаралық сарапшы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ биотехнология кафедрасының оқытушысы, PhD докторы, профессор Гаухар Қонысбаева дәріс оқыды.
Шара барысында қатысушылар Ойсылқара түлігінің еті мен сүтінің құндылығы, түйе малын күтіп бағудың өзіндік ерекшеліктері туралы білім алып, жергілікті кәсіпкер Сабыр Ермахановтың түйе сүтін өңдеумен айналысатын «Аруана» цехының жұмыстарымен де танысты.
Семинар барысында шараға қатысушылардың арасынан 4-5 тыңдаушы табиғи таза органикалық өнім болып табылатын түйе еті мен сүтін өндірумен айналысуға қызығушылық танытып, «Аруана» цехымен алдағы уақытта әріптестік байланыста болатындықтарын жеткізді.
Шара қорытындысымен қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Айта кету керек, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерге мемлекеттен көрсетілетін қолдаулардың барлық түрлері туралы ақпарат алғыңыз келсе, «Атамекен» ҰКП байланыс орталығындағы 8-8000808010 нөміріне хабарласа аласыз. Қоңырау шалу тегін.
Онлайн өтініш беру үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған fermers.kz веб-порталы жұмыс жасайтындығын назарларыңызға саламыз.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі