ӘЖЕ МЕН ЖАСӨСПІРІМ БАЛАЛАРДЫ СУДАН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ
Күн сайын қарапайым азаматтар бір-біріне қолұшын созып, кейде өзі жете танымайтын адамды ажалдан құтқару үшін өз басын қатерге тігіп жатады. «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы тілшілерінің «Әже мен жасөспірім суға батып бара жатқан балаларды құтқарып қалды» тақырыбында әзірлеген сюжеті осы тақырыпқа арналыпты.
Аты айтып тұрғандай бейнематериал арамызда жүрген елеусіз ерлік иелеріне арналады.
66 жастағы қала тұрғыны үш баланы судан алып шықты. Алайда, олардың бірі тірі қалмады. Ал үшеуінің де өліп кетуі мүмкін еді. Бұл оқиға 25 мамырда «Пищевик» саяжайында орын алған болатын. Оқыс оқиғада ойланбай балаларды құтқаруға ұмтылған Базар Сәрсенбаева 14 жасар Жомарт Орнықбаев көмекке келді.
«Отын алуға шыққанмын. Жылап тұрған кішкентай қызды көрдім, ол: ағам суға кетті, ағам суға кетті деп еңіреп тұр. Бұл кезде қалай қарап тұра алам? Олар да маған балаларым секілді ғой. Судан үш баланы кезек-кезек шығардым. Олар әр жерде суға батып бара жатты. Алдымен екі баланы жаға шығардым. Әлім кете бастады, жедел жеткен Жомартқа үшінші баламен бірге судан шығуыма көмектесті» дейді Базар Сәрсенбаева.
Жомарт Орнықбаев №10 орта мектептің 8 сынып оқушысы. Ол дария жағасына өзін атасы жұмсағанын айтады. Өзен жақтан шыққан шудың себебін білмек болып шыққан бала осындай оқиғаға кезігіпті. Ойланып тұруға уақыт тар еді. Бірден көмекке ұмтылды.
Біздің екі кейіпкеріміз де суға жақсы жүзетін болып шықты. Базар апай қазіргі күні де өзенге келіп, суға түсіп салқындап алғанды ұнатады. Ал. Жомартты ағалары суға жүзуге үйреткен екен.
Әжейдің бұл бірінші рет адам құтқаруы емес екен, оны білетіндер өткен жылы да бір ер адамды суға кетуден аман алып қалды деп отыр.
Олардың ерлігі назардан тыс қалмақ емес. Екеуі де балаларды құтқарғаны үшін марапаттауға ұсынылды.
Айгүл Нұрманова, Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат