ЕРЕЖЕНІ ЕСКЕРГЕН ЕШ ОПЫҚ ЖЕМЕЙДІ
Осы ай басынан суға түсу маусымы ресми түрде басталды. Бірақ, соған дейін дарияға түсіп, өкінішке орай оның құрбаны болып кеткендер аз емес. Маусымға дайындық барысында жағажайлардың суға түсуге қолайлығы тексеріліп, содан кейін барып қана ашылуға дайындалады. Өзен асты сүңгуіршілер көмегімен бақыланады. Суға түсуге болатын жағажайлардың өзінде де түнгі мезгілде суға түсуге болмайды.
Жағажайда дәрігерлер мен құтқарушылар кезекшілікте тұрса да арнайы қалқымалармен суға түсуге болмайды. Бұдан бөлек мас күйінде суға түсетін адамдар да құтқарушыларды әбігерге түсіріп қоятыны бар. Биыл осндай бір оқиғаның соңы адам өлімімен аяқталды. Жағада спирттік ішімдіктер ішу тек қана өзіне ғана зиян әкелмейді, сонымен бірге қоршаған ортаға да залал келтіреді. Суға лақтырылған, сынған бөтелкелер судағы басқа да адамдардың жарақаттануына немесе бақытсыз жағдайға ұшырауына әкеп соғады.
Жаздың күні балық аулайтындарға су айдындары қауіпті саналады. Балықшылардың өздерінің жеке құтқарушы құралдары, құтқару кеудешесі немесе шеңберлері болуы керек.
Судағы демалыс – әсіресе жаздың күндері демалыстың ең бір керемет түрі. Балалар мен ересектер үшін катерде, қайықта серуендеу керемет ләззат әкеледі. Алайда, демалыс орны толмас қайғылы оқиғаға да душар етуі мүмкін. Судағы қауіпсіздік ережесі талаптары ескерілмегендіктен, қайғылы жағдай немесе адам өлімі орын алуы да әбден мүмкін екендігін естен шығармау керек. Қаза болғандардың жетеуі – бұл судағы қауіпсіздік ережесін сақтамаған ересек адамдар болса, оның үшеуі бала.
Бақытсыз жағдайлар көбінесе суға түсу қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтамағандықтан болып жатады. Соңғы жылдардағы оқиғаларға жасалған талдау суға кеткендердің көпшілігі жүзуді білмегендіктен құрбан болғандығын көрсетті. ,Сонымен қатар жабдықталмаған су айдындарында шомылудан, құтқару құралдарын қолдану тәртібін бұзудан да біраз адам тұңғиыққа жұтылған.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы