ӘРІПТЕСТІК АРҚЫЛЫ 11 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ
Облыс әкімдігінің осы жылғы 28 ақпандағы №725 қаулысына сәйкес биылғы жылы облыста мемлекеттік жекешелік әріптестік арқылы 11 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтсақ, денсаулық сақтау басқармасы бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Олар – Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінде 250 қабылдауға арналған емхана және 4 ауылдық округтен – Арал ауданы Бекбауыл, Сырдария ауданы Ақжарма, Қазалы ауданы Өркендеу, Шиелі ауданы Жөлек ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбулаторияның құрылыстары. Ал дене шынықтыру және спорт басқармасы бойынша 3 жоба жоспарланған. Олар Тасбөгет кентіндегі және Қармақшы ауданы Ақай ауылдық округінде 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы және Қызылорда қаласы «Мерей» мөлтек ауданында дене шынықтыру-сауықтыру кешенін жалға алу қызметі.
Бұған қоса мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бойынша жоба, яғни Жаңақорған ауданы Өзкент ауылдық округінде 150 орындық ауылдық клубтың құрылысын жүргізу жоспарға енгізілген. Қызылорда қаласының ішкі істер басқармасының Ақсай полиция бөлімі ғимаратының құрылысы ішкі істер департаменті бойынша жүзеге асырылатын бір жоба болып саналады.