2018 ЖЫЛЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ОРТАША АЛҒАНДА 25%-ҒА КӨТЕРІЛЕДІ
Үкімет отырысында жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) енгізуге байланысты дайындық барысы қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова хабарлағандай, әлеуметтік көмек көрсету жүйесіндегі реформа нәтижесінде, әр АӘК алушы үшін жаңа сипаттағы жәрдемақы сомасы 2018 жылы орташа есептегенде 25%-ға өседі. Бұл туралы министрліктің ресми сайтында жарияланды.
"Жаңа сипаттағы АӘК жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмекті күшейту, жәрдемақы мөлшерін көбейту және оны тағайындау іс-әрекетін жеңілдету мәселелері шешімін табатын болады", - деп атап өтті министр.
Жаңғыртылған кейіптегі АӘК бүгінде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін үш жәрдемақының орнын басады. Бұл дегеніңіз, азаматтың кірісіне қарамастан тағайындалатын арнаулы жәрдемақы, отбасы кірісіне қатысты айқындалатын балалар жәрдемақысы және қазіргі атаулы әлеуметтік көмек ортақ арнаға тоғысады.
Жаңа жүйе аясында, кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40%-нан 50%-на жоғарылауы себебібен, ұсынылатын жәрдемақы мөлшері орташа алғанда 25%-ға ұлғаяды. Тиісті қаражат қазынадан қарастырылып қойған.
Атаулы әлеуметтік көмекке қоса, әр еңбекке қабілетті азаматқа, мемлекет тарапынан кейіннен жұмысқа орналастыруға немесе жеке ісін ашуға, аталған мақсаттарды несиелендіруге жәрдемдесу арқылы білім алу мен кәсіп игеруге қолдау танытылмақ.
Сонымен қатар, тың сипаттағы АӘК қажет құжаттар көлемін үш есеге қысқартуға және керек қағаздарды тек жергілікті Жұмыспен қамту орталығына табыстауға мүмкіндік туғызады деп күтілуде.
Халықты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етудегі өзгерістерге дайындау шеңберінде, 2014 жылы Қазақстанның үш өңірінде (Ақмола, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары) қанатқақты тәртіпте "Өрлеу" жобасы іске қосылғаны белгілі. 2015 жылдың шілде айында бағдарлама 38 ауданда жұмыс істей бастап, 2016-2017 жылдары ауқымы екі есеге кеңейгеннің жемісінде, елдің 96%-на дейін аумағын қамтыды.
Бұдан түсінетініміз, жоба өз тиімділігін дәлелдеді. Үш жылда 19 мыңға жуық отбасы өміріндегі қиын жағдайдан шыға білді.