ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ЖОБАЛАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Қызылорда облысында 2017 жылдың 4 айында негізгі капиталға салынған ивестиция көлемі 37 млрд 9 млн теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жолмырза Еламан мәлімдеді.
- 2017 жылдың сәуір айында индустрияландыру бағдарламасының бірінші бесжылдығында іске қосылған 17 жобаның 11-і өнім өндіруді қамтамасыз етіп отыр. Ал, аталған бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд теңгені құрайтын 24 жоба жүзеге асырылатын болады. Жоба барысында 6,2 мың адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, респубикалық индустрияландыру картасына 2 ірі жоба қосылды. Оның бірі «Шалқия» кен байыту фабрикасы, екіншісі «Аралсода» АҚ кальцийлендірілген сода жобалары, - дейді Жолмырза Еламан.
Сондай-ақ, Жолмырза Қайыпұлы қараша айында өтетін «Байқоңыр» инвестициялық форумының бағытынан хабардар етті. ІХ рет ұйымдастырылатын алқалы жиында өңіріміздің дамуына серпін беретін тың жобаларға жол ашылады. Мұнымен қоса 19 маусымда «Байқоңырда бизнес мүмкін бе?» тақырыбымен интернет форум өтпек. Онда жұлдызды қалашықта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кеңінен айтылады.