КАНДИДАТТАРДЫ ТІРКЕУ МЕРЗІМІ АЯҚТАЛДЫ
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 7 маусымда Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталды.
Сайлау науқанында облыстық сайлау комиссиясы Қызылорда облысынан Парламент Сенатының депутаттығына ұсынылған 5 кандидаттың үшеуін тіркеді, екі кандидат өз-өзін ұсыну туралы шешімнен бас тартты.
8 маусымнан бастап тіркелген кандидаттар 2017 жылғы 26 маусым күнгі сағат 24-00-ге дейін жүргізілетін сайлау алдындағы үгітке кірісе алады.
Республикалық бюджеттен әрбір кандидаттың телеарнадан 15 минут, радиодан 10 минут сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екі мақала жариялануына тең мөлшерде қаражат бөлінген.
Облыстық сайлау комиссиясының 2017 жылғы 2 маусымдағы № ОСК- 110/238 қаулысымен кандидаттардың таңдаушылармен – облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттарымен кездесулерінің кестесі бекітілді.
Облыстық сайлау комиссиясына осы сайлау науқанына қатысты өтініштер (шағымдар) келіп түскен жоқ.