БАЛАЛАР ДЕМАЛЫСЫ ҰТЫМДЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛАДЫ
Мәжіліске облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, мекеме-кәсіпорындар мен дербес бөлім басшылары, мектеп директорлары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Қазалы ауданы бойынша мектеп оқушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жайы туралы хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев биыл «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығында 6 ауысым ұйымдастырылып, әр ауысым бойынша 140 баладан, барлығы 840 баланы демалдыру жоспарланғанын жеткізді. Қазіргі таңда 1 ауысым бойынша жұмыстар басталып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыдан шыққан 140 бала қабылданып, демалуда. Тіл үйірер тәтті дәрумендермен толықтырылған 5 мезгіл ас мәзірі балалар көңілінен шығады. Демалысты көңілді, қызықты, мағыналы өткізуде лагерьдегі тәрбиешілердің жан-жақты ұйымдастырған саяхаты балаларға ерекше әсер қалдыруда. Мұнда ана тілінен өзге орыс, ағылшын тілдерін үйренуге де мүмкіндік бар. Балалардың денсаулығын қадағалау үшін арнайы дәрігер және стоматолог жұмыс істейді.
Сонымен қатар аудан бойынша 36 мектеп жанынан ұйымдастырылған күндізгі тынығу лагерлерінде 2472 баланы демалдыру 1 маусымға басталып кетті. Бұл балалардың лагерде болған уақытында ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жергілікті бюджеттен 6 млн 567 мың теңге бөлінді.
Жергілікті серіктестіктер, шаруашылық құрылымдары басшыларына өз қызметкерлері балаларын мекеме есебінен түрлі демалыс орындарында демалдыру тапсырылды. Атап айтар болсақ, «РЗА» АҚ демеушілігімен «Шағала», «Қамбаш» лагерлерінде 50 бала, «Сыр маржаны» ЖШС демеушілігімен «Шағала», «Қамбаш» лагерлерінде 40 бала, СПК «Қызылорда балық» ЖШС демеушілігімен «Шағала» лагерінде 50 бала демалатын болады.
«Жасыл ел» бағдарламасы аясында арнаулы оқу орындарының студенттері және жоғары сынып оқушылары үшін «Жасыл ел» жасағы жұмыс жасайды. Оған жаз бойы 100 бала қамтылып, олардың орташа айлық жалақысы 45 мың теңге көлемінде болады.